Дене психотерапиясынан жаттығулар

 

Жаңагүл Қайырова

Дене психотерапиясы маманы

6 маусым 2019 ж.

Дене психотерапиясынан жаттығулар

 

Денені бөлшектеу

 

Жаттығуды демонстрациялық, диагностикалық мақсатта бір клиентпен бір рет қана қолдануға болады. Оны орындау үшін қатысушыға жеті парақ қағаз, жеті түрлі-түсті қарындаш, қайшы керек.

Клиентке нұсқау: бірінші парақта сіздің ресурсыңызға, өмірлік күшіңізге жауап беретін денеңіздің бөлігін/бөлшектерін салыңыз. Басқа парақта бірінші парақта қай түспен салғаныңызды жазып қоюды ұмытпаңыз.

Бірінші суретті салып болған соң, оны аударып, өзіңізден алысырақ қойыңыз, жұмысты аяқтап болғанша оған қарамаңыз.

Екінші парақта басқа түсті қарындашпен сіздің ішкі және сыртқы қауіпсіздігіңізге жауап беретін денеңіздің бөлігін/бөлшектерін салыңыз. Егер қажет деп тапсаңыз дене бөліктерін әр суретте қайталап салуыңызға болады. Салып болған соң, теріс аударып қойыңыз. Қай түсті қарындашпен салғаныңызды жазып қойыңыз.

Үшінші суретте қоршаған ортамен ынтымақтастық орнатуға жауап беретін денеңіздің бөлігін/бөлшектерін салыңыз. Парағыңызды аударып, қай түспен салғаныңызды жеке параққа жазып қойыңыз.

Төртінші парақта қажет болғанда қоршаған әлемге қарсы тұруға жауап беретін денеңіздің бөлшегін/бөлшектерін салыңыз. Салып болған соң, суретті төңкеріп, қолданған түсті басқа параққа жазып қойыңыз.

Бесінші парақта өзіңіздің ішкі әлеміңіздің өміріне жауап беретін денеңіздің бөлігін/бөлшегін салыңыз. Суретті аударып, қай түспен салғаныңызды жазып қойыңыз.

Алтыншы парақта жоғарыда айтылған барлық қызметтердің басын қосып, бақылауды жүзеге асыратын денеңіздің бөлшегін/бөлшектерін салыңыз. Салып болған соң тағы да суретті аударып, жеке параққа қай түспен салғаныңызды жазып қойыңыз.

Соңғы жетінші парақта алдыңғы суреттерде қолданбаған дене бөліктерін немесе тағы да салу керек деп есептеген дене бөліктерін салыңыз.

Әрі қарай салған суреттердің бәрін абайлап қайшымен қиып алу керек. Тіпті бір дене мүшесі жеті рет салынса да, бәрін қиып алу керек. Қиып алынған дене бөліктерінен адам жасап шығару керек.

Нәтижені талдау:

  1. Қалыпты жағдайда адам тұтас болуы керек. Қалыпты дегенде біз адамның әдеттегі кейпіне сәйкестігін айтып тұрмыз. Шынайы денеге тән барлық мүшелердің болуы тиіс. Ішкі органдарды салу міндетті емес, егер жалпы дене салынса, ішінде жүрек, бүйрек, өкпе және басқа да органдар бар деп есептеледі. Адамның тұтастығы біз үшін аса маңызды, өйткені егер дененің бір мүшесі жоқ болса, ол құрал ретінде өз қызметін атқара алмайды.

  2. Бізді қызықтыратын екінші параметрді қорғалу деп айтуға болады. Сіз құрастырған адамның ішкі органдары ішінде болуы тиіс. Құрал қауіпсіз болуы керек екенін еске сала кетейік, ал егер құралдың сыртқы бейнесі бұзылса, қауіпсіздік туралы сөз қозғай алмаймыз. Мысалы, егер салынған жүрек көлемі денеден үлкен болса, оны қай жерге орналастырамыз, мұндайда адамды қорғалған деп айта алмаймыз. Немесе егер асқазан бар, ал дене, тері болмаса, ол күнделікті өмірде сыртқы факторлардан қорғансыз қалады. Ал егер асқазан сыртқы әлемге қарсы тұру құралы ретінде салынса, онда сурет авторында асқазан шек-жолдарында дерт бар деуге болады. Жалпы алғанда асқазан оның әлсіз тұсына жатады.

  3. Келесі параметр – ол адамның дене бөліктерінің бір-біріне өлшемдерінің сәйкес келуі. Мысалы, бас денеден үлкен болмауы керек, оң қол сол қолдан әлдеқайда үлкен болмауы тиіс. Бұл параметр «Тән» деп аталатын құралдың күш-қуатының бөліктері арасында тиісті бөлінуі туралы хабар береді.

  4. Келесі параметр ол дененің шынайылығы. Біз бұл жерде бүйректің анатомиялық ерекшелігін айнытпай салуды көздеп отырғанымыз жоқ. Егер адам бастың орнына жұлдызды, терінің орнына аураны салса, онда олардың денеге еш қатысы жоқ, сәйкесінше олар дене атқаратын қызметті орындай алмайды. Егер салынған адамның бөліктері осындай элементтерден құралса, оның өмірге көзқарасы, пайымы, сыртқы ортаны бағалауы шындыққа жанасады деп айта алады ма?

  5. Келесі параметр – ол қызметтердің дифференциациясы. Барлық жеті суретте де адамның денесі тұтас салынуы мүмкін. Ол мынаны білдіреді: егер бір мәселе туса, оны шешуге дененің бүкіл бөлігі бас салып жүгіреді деген сөз. Мысалы, егер саусағыңыз ауырса, онда бүкіл организміңіз зардап шегеді. Егер денеге құрал ретінде қарайтын болсақ, ондағы бөліктердің арасындағы қызметтер бұлай бөлінсе, бір ақау шықса, бүкіл тән қимылсыз қалатынын білдіреді.

  6. Келесі параметр – ол бейнелердің саны. Бұл дененің бір мүшесі бір рет қана салынуы керек дегенді білдірмейді. Екі-үш мұрын салса да болады, егер - басқа да дене бөліктері - немесе көпшілік бөлігі шамамен сонша рет салынса. Ал егер екі қол, екі аяқ, алты бас салынса, бұған аса мән беру керек. Біздің талдауға бұл билік өкілеттігінің бөлінуі (бас қажет болса да, болмаса да, ақылгөйсіп барлық іске араласады және оған сен ештеңе істей алмайсың!) мен күш-қуат көздерінің бөлінуі (сол үшін ол қанша күш-қуат қолданады?!) жайлы хабар береді.

 

Біз үшін әр органның өз қызметіне сәйкестігі маңызды. Мысалы, бір адамда қоршаған ортамен ынтымақтастықты қол атқарса, келесінікі құлақ болуы мүмкін, яғни екеуі ынтымақтастықтың екі түрлі тәсілі. Немесе егер, бақылау мен кіріктіру қызметін атқаратын дене бөліктеріне сезім мүшелері кірмесе, онда дененің тиімділігін анықтайтын ақпаратты бұл бақылаушы органдар қайдан алады деген сұрақ туады.

Салынып құрастырылған адам денесін талдағандағы ең бастысы мыналар: дененің қорғалу принциптерін, шынайылығын, еселігін, шамаластығын бұзатын кез-келген бөлігі соматикалық қауіп аймағына - яғни қандай да бір дерттің пайда болуына бейім органға жатады.

Дене бөлшектерінің мұқият салынуы/салынбауы да маңызды. Қалай болса солай салынған немесе тәптіштеп салынған суреттен адам өзіне қалай қарайтынын көруге болады.

 

Әдебиет:

Тимошенко Г., Леоненко Л. Работа с телом в психотерапии. Практическое руководство. «Психотерапия», Москва, 2006.