Паникалық шабуыл
Паникалық шабуыл кең таралған мазасыздану бұзылыстарына жатады, ол бір жылдың ішінде халықтың 11% кездеседі. Көпшілігі еш емсіз жазылып кетеді.
Паникалық бұзылыс бір жыл ішінде халықтың 2-3% жолығуы мүмкін. Ол әдетте жеткіншектік немесе ерте ересектік жастан басталады және көбіне әйелдерде шамамен екі есе көбірек байқалады.
Биологиялық себептері
- Паникалық шабуыл мидың қанмен жеткілікті қамтамасыз етілмеуінен тууы мүмкін.
- Жүктілік кезіндегі гипоксия салдарынан, босану кезіндегі асфиксиядан, мидың шайқалуынан және т.б. себептерден жүйке тіндерінде қысым жиналуынан да болуы мүмкін.
- Миға оттегі жеткілікті мөлшерде жетпегендіктен (орталық жүйке жүйесінің белсенділік деңгейі арқылы анықталады, мысалы, зияткерлік салмақ артқанда, мазасыздық күшейгенде тууы мүмкін. Мидың қамтамасыз етілуі миды қоректендіретін қан тамырларының арнасына тәуелді.
Паникалық шабуылдың белгілері:
Бастың айналуы, жалпы қысым, жүрек қағысының жиілеуі, артериалдық қысымның көтерілуі, қорқыныш сезімі.
Адамдар паникалық шабуылға тап болған ахуалды былай сипаттайды: ауа жетпейді, жүрек қатты дүрсілдеп соғады, бас айналады, аяқасты қатты терлейді, қалтырайды, қолдары дірілдейді, жүрек айниды, аяғы ұйып, шаншиды, ентігеді, маңайындағы нәрселер шын емес сияқты көрінеді, өліп қаламын немесе есім ауысып кете ме деп қорқады.
Яғни паникалық шабуыл кез-келген мазасыздық тудыратын жағдайда көрінуі мүмкін. Мысалы, өрмекшіден қорқатын адам, оны көргенде үрейге бой алдырады. Мұндай паникалық шабуылды «болжалды» дейміз. «Болжалсыз» үрейге еш себепсіз аяқасты пайда болатын үрейді жатқызамыз.
Паникалық бұзылысы бар көп адамдар оның боларын алдын ала болжап, бұрын паникаға бой алдырған жерлерге бармауға тырысып, қашып жүреді. Паникалық бұзылысы бар адамдар жүрегінің, өкпесінің, миының немесе басқа да органдарының бұзылысы бар деп мазасызданып дәрігерлердің көмегіне көп жүгінеді. Бірақ көп жағдайда дәрігерлер пациент денсаулығынан еш ақау таппай психологтарға жолдайтын жағдайлары жиі кездеседі.
Алайда паникалық бұзылысы бар көп адамдарда депрессияның ауыр түрлерінің сиптомдары болады. Ондайда міндетті түрде дәрігер психотерапевт, психиатрға қаралған жөн.
Ал психологиялық көмек ретінде көбіне когнитивтік-мінез-құлықтық психотерапия мен денеге бағдарланған психотерапияны қолдану арқылы көрнекті нәтижелерге қол жеткізуге болады.
Когнитивтік-мінез-құлықтық терапияда клиент ойлауындағы бұрмалануды, жалған наным-сенімді танып, содан соң оны түзету үшін өз мінез-құлқын өзгертеді. Мысалы: егер клиент белгілі бір жағдайда жүрегі атқақтап соғып, тынысы тарылса немесе жүрегі ұстап қалады деген қорқыныш пайда болса, онда: мұндай жағдайлардан қашпау, қорқынышқа еш негіз жоқтығын түсіну, тыныс алуын баяу әрі қадағалап ұстау және басқа да босаңсуға әсер ететін тәсілдерді қолдануға болады.