Стресс психологиясы: пренаталдық стресс

 

Роберт Сапольскидің «Психология стресса» (66-67 бб.) кітабынан үзінді. 

 

Балалық шақ дегеніміз не? Ол қоршаған әлемді зерттейтін уақыт. Мысалы: «Егер бірдеңені құлатып алсаңыз, ол жоғарыға емес, төменге құлайды» «Егер бір зат басқа заттың астында жасырулы тұрса да, ол бәрібір бар» «Анам аз уақытқа көзге көрінбей жоғалып кетсе де, міндетті түрде қайтып келеді, өйткені ол үнемі қайтып оралады».  

 

Көбіне осындай пайымдаулар біздің өмірге деген көзқарасымызды біржола қалыптастырады. Мысалы, егер балалық шағында ата-анасының біреуі қайтыс болса, есейген шақта ол адамның клиникалық депрессияға шалдығу қаупі жоғарылайды. Бәлкім өмірдің қандай екендігін көрсететін, яғни бұл әлемде аса қорқынышты жайттар болатынын және біздің оған ешқандай амал жасай алмайтынымыз жайлы өте ауыр эмоциялық соққыны баланың тым ерте алғандығынан болар. 

 

Сөйтсе, ана құрсағындағы эмбриондық кезеңде біздің денеміз қоршаған ортаны «зерттейді» екен, басқаша айтқанда мұндай жағдайларда не істеу керектігі туралы тұтас өмірге жететін шешімдерді алдын ала қабылдап қояды. 

 

Ал даму процесінде белгілі бір стрессорлар әсер етсе, осындай кейбір «шешімдер» қандай да бір дерттерге шалдығу қаупін арттырады. 

 

Мысалы, әйел аштық заманында жүкті болып қалды дейік. Әйелдің өзіне де, құрсағындағы баласына да калория жетпейді. Анықталғандай, жүктіліктің соңғы кезеңдерінде эмбрион сыртқы әлемде қанша қорек барлығын сезеді екен, ал аштық сыртта тамақ аз дегенді білдіреді, сол себепті барынша үнемдеу керек. Осылайша бұл эмбрионның метаболизмі өзгеріске ұшырайды, оны метаболизм импринтингі немесе «бағдарламалау» дейді. Бүкіл өмір бойы ол адамның организмі қоректік заттарды, тұздың әрбір түйірін жинайды. Онда «үнемшіл» деп аталатын метаболизм пайда болады. 

 

Салдары қандай? Басқа да осы тәрізді жағдайларда, тіпті егде жаста да мұндай организмнің гипертонияға, семіздікке, диабеттің екінші типіне, жүрек-қантамырлары дерттеріне шалдығу қаупі жоғары. 

 

Бір қызығы, бұл процесс шошқаларға, егеуқұйрықтарға, қойларға да тән. Адамдарда да солай. 

 

Мысал ретінде Роберт Сапольски Екінші Дүниежүзілік Соғысындағы Голландиядағы аштықты келтіреді. Ал мен сіздерге түсінікті болуы үшін өз елімізде болған аса бір қайғылы 1931-1933 жылдардағы жантүршігерлік ашаршылық жылдарын мысалға алуды жөн көрдім. Халықтың қолындағы малды, басқа да азық-түлікті Кеңес үкіметі түгелдей тартып алғандықтан, халық айдалаға аш-жалаңаш қаңғып кетті. Нәтижесінде сол уақытта құрсағына бала біткен аналар да аштыққа ұшырады. Аштықтан қазақ даласында шамамен 3-4 миллион адам өлім құшты деп саналады (мысал аудармашыныкі). Сол жылдары ана құрсағында болған эмбриондар бүкіл алдағы өміріне жететіндей етіп метаболизм қалыптастырып қажет кезде тамақ жетпей қалуы мүмкін деген қатігез сабақ алды. Нәтижесінде жарты немесе бір ғасыр өткен соң да «үнемшіл» метаболизмі бар және метаболизм синдромына ұшырау қаупі бар адамдар пайда болды. Метаболизм мен физиологияның түрлі аспектілері эмбриондық даму әр кезеңдерінде қалыптасатын болса керек. Егер ашаршылық кезінде сіз бірінші триместрдегі эмбрион болсаңыз, онда сіз жүрек ауруларына, семіздікке, холестериннің залалды деңгейіне, ал егер сіз екінші немесе үшінші триместрдегі эмбрион болсаңыз онда сізде диабетке шалдығу қаупі жоғары.  

 

Бәлкім мәселе тек сіздің эмбрион кезіңізде асқа жарымағандығыңызда ғана емес, дүниеге келген соң ас мол болып, тоя тамақ жеп аштықтан жылдам арылғаныңызда шығар. Осылайша, сіз ерте балалық шағыңызда қоректендіруші заттар қорын жинауда ғана емес, өмірге келген соң олар сізге барынша қолжетімді болуында. 

 

Сондықтан да егер сіз жүкті болсаңыз, балаңызды аштықпен қинамаңыз. Бірақ бұл феномен аса қайғылы емес жағдайларға да қатысты. Ол туралы келесі мақалаларда жазамыз.

 

Аударған Жаңагүл Қайырова. 

24.11.2020