Қайғының 5 кезеңі. Кюблер-Росс бойынша

 

Егер адамның басына қайғы түсіп немесе жазылмас ауруға шалдықса және т.б. күрделі жағдайларға тап болса оларды артта қалдыру үшін белгілі бір кезеңдерден өтуі керек. 

 

Нақтырақ айтсақ, мына кезеңдерден өтуіне тура келеді. 

 

Бірінші кезеңі. Мойындамау әрі оқшаулану. Өзінің ең жақынын жоғалтқанда адам бастапқыда оны мойындамайды, сенгісі келмейді. 

«Мүмкін емес», «Әзілдеп тұрған шығарсыңдар» деген сөздерді айтып қаша бастайды. Ол жағдайға байланысты барлық нәрсені ығыстырып, ештеңе өзгермегендей күндегі әрекеттерін жасай береді. Мұндайда адам басына түскен жағдайды қабылдауына біраз уақыт керек болғандықтан қорғаныш механизмі іске қосылады. 

 

Бұл кезеңде мысалы, ең жақыны қаза болған адамның айтқанына көніп («иә, ол тірі» деп) немесе керісінше жағдайды мойында («ол қайтыс болды, енді қайтып келмейді» деп) деп қатты талап етуге де болмайды. Бұл кезеңде басына қайғы түскен адам келесі кезеңге өте алуы үшін тек бар екеніңізді білдіріп қасында болсаңыз жеткілікті. 

 

Екінші кезең. Ашу-ыза

Бұл кезеңде басына қайғы түскен адам қатты ашулана бастайды. Маңайындағылардан өш алғандай ашу шақыра бастайды. Өлімге «кінәлі» адамды іздейді немесе қайтыс болған адамның өзін «мені тастап кеттің» деп кінәлауы мүмкін. Ішіндегі өртті басу ішімдікке, шылым шегуге әуестенуі немесе басқа да деструктивті мінез-құлық көрсетуі мүмкін. 

Аталмыш кезеңдегі адамның мұндай эмоциялық агрессиясына қарап оның мінез-құлқы біржола осылай қалып қояды деуге болмайды. Бұл да уақытша. 

Мұндайда не көмектеседі? Физикалық күшті қажет ететін жұмыстардың, табиғатқа шығудың көмегі тиеді. 

 

Үшінші кезең. Саудаласу

Бұл кезеңде адам өзін кінәлі сезіне бастайды. Мысалы, қайтыс болған жақынына «уақытында көмек қолын соза алмадым», «жақсылық жасамадым», «айтқан тілін алуым керек еді», «оның қайтыс болғанына мен кінәлімін» деген тәрізді ойлар мен сезімдер мазалайды. «Соларды жасағанымда ол әлі тірі болар еді» деген ойлардан арыла алмай қайтыс болған адаммен де, өзімен де «саудаласа» бастайды. 

 

Бұл кезеңде адамға не керек? 

Басындағы ойларын, қиналыстарын жақындарымен, досымен немесе психологпен бөліскені жөн. Болған жағдайға оның кінәлі еместігін, қолынан келгеннің бәрін жасағанын айтып жеткізетін қолдау сөздерді естігені абзал. 

 

Төртінші кезең. Депрессия

Аталмыш кезеңде өмірден баз кешкен тәрізді мең-зең, дел-сал күйге түседі. Тәбеті жоғалып, көп жылайды. Сұлқ түсіп жатады. Ештеңеге қызықпайды. 

Өзін-өзі қажап, «не үшін бұл өмірге келдім», «одан айырылатанымды білгенде үйленбес едім», «менің енді басқа ешкімге керегім жоқ, сол себепті өлгенім дұрыс», «мен нашар адаммын» деген тәрізді түрлі еңсені езетін ойларға беріледі. 

Жұмыста да, адамдармен қарым-қатынаста да өзінен-өзі мәңгіріп отыра беруі мүмкін. Сол себепті бұл кезеңде еңбек демалысын алып, қалпына келуге көмектесетін әрекеттерді жасағаны жөн. 

Бұл жерде бастысы өзіңіздің түрлі кемшілігі бар «қолынан дым келмейтін», ештеңе істегісі келмейтін пенде болуға рұқсат етіңіз. 

Сіздің ішкі дүниеңіздің арпалысына төзетін жақын адамыңыз болса өте жақсы. 

Мысалы: түрлі тәнмен жұмыс практикаларын жасау, психотерапиялық топқа жазылу, табиғатқа шығу, түрлі қолөнер ісімен айналысу да мұндайда жақсы көмектеседі. 

Осылайша біртіндеп келесі кезеңге өтесіз. 

 

Бесінші кезең. Мойынсұну (қабылдау)

«Өмірге қайта оралу» уақыты келді деуге болады. Бұрынғы әрекеттеріңізге қуана кірісесіз, тәбетіңіз артып, достарыңызбен белсенді араласа бастайсыз. Жұмысқа да ынтамен кірісесіз. Басыңыздан өткен қайғылы жағдай ойыңызға түскенде оның қиын кезең болғанын, бірақ енді оның өтіп кеткенін мойындап, әрі қарай өмірдің жалғасып жатқанын түсінесіз. 

 

Жаңагүл Қайырова, психолог