Баланың басқаға бауыр басуы немесе патологиялық қызғаншақтық жайлы
Біз бір-бірімізден басқаға бауыр басқанда өзімізді қаншалықты қауіпсіз сезінеміз, сол арқылы ерекшеленеміз. Бауыр басу типі ерте балалық шақтан басталады. Бөбектер әке-шешесі бөлмеден шығып бара жатқанда мына төрт типтің біреуін көрсетуге бейім.
Кейбір бала басқаларға қарағанда көбірек мазасызданып бауыр басады. Жылап, қарсылық көрсетіп, қолымен ұрып, қатты қорыққан кейіп танытуы мүмкін.
Келесі бір балалар тұрақты мазасызданып бауыр басуды байқатады: анасы бөлмеден шығып бара жатқанда қарсылық білдіреді, ашуланады немесе ол қайтып келгенде жатырқайды.
Тағы бір балалар қашқақтап мазасызданып бауыр басады. Мұндайда олар анасына бауыр басқан тәрізді көрінеді, бірақ көбіне оған жақындауға қорқады.
Енді бір балалар бауыр басудың сенімді типін көрсетеді. Олар анасының бөлмеден шығып кетуіне рұқсат береді, қайтып келгенде энтузиазм байқатады. Анасына сенімді бауыр басқан бөбектер жалғыз қалғанда өздерін жайлы сезінеді, бөлме ішіндегі дүниелерді ынталана зерттей бастайды, өйткені анасының қайтып келетінін біледі, сенеді.
Бауыр басу теориясына сәйкес нәрестелерде әдетте, анасымен, бірақ үнемі емес - негізгі ата-ана фигурасымен жақындықты ұстау туа бітті тенденциясы бар. Нәрестенің бауыр басуы баланы қорғап, қолдап, тамағын беріп, әлеуметтік байланыстар тәжірибесімен қамтамасыз етіп кім қамқорлық көрсетсе, соған қарай бейімделу құндылығына негізделген.
Егер нәресте анасының келетінін болжап, тани бастаса, яғни оның қайтып келетініне сенсе, баланың бойында оған сенуге болады, ықыласты, қамқор деген сенім ұялайды. Бұл оған қауіпсіздік сезімін береді. Мұндайда бөбек маңайдағы қоршаған заттарды зерттеп, анасы алыс болғанда өзін осылай тыныштандырады. Керісінше жағдайда өзіне қарап жүрген ересекке сенуге болмайды, қамқор немесе аса ықыласты емес деп сезінеді. Бауыр басу теориясының ізбасарлары бұл типтер адамда өмір бойы сақталады деп пайымдайды, және басқа адамдармен - әсіресе махаббатқа қатысты қарым-қатынасымызға қалай қарайтынымызға әсер етеді деп топшылайды.
Егер сіз серігіңізді о бастан ықылассыз, тұрақсыз, қарым-қатынасты үзуге дайын, оған сенім артуға болмайды деп ойласаңыз, онда сіздің ересек өмірдегі қарым-қатынасыңыз үлкен қауіптерге толы және бұл жоғарыда айтқанымыздай балалық шақтан бастау алады.
Біреумен жақын қарым-қатынас орнатуда осы типтердің біреуін үнемі қолданатыныңызды байқасаңыз, және ол сізге тиімсіз болып көрінсе, мысалы патологиялық қызғаншақтық немесе көре алмаушылық өміріңізге кедергі келтірсе, онда оны психолог маманмен бірге талдап, шешімін табуыңызға болады.